90 мыңға жуық оқушы жаңа мектептерде оқу жылын бастады – министр
Бүгін елімізде бірнеше мектеп ашылды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Бүгін 2024-2025 оқу жылының жаңа парағы ашылды. Еліміздің барлық өңірінде Білім күнін асыға күткен 3,9 млн бала сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышты. Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағында.
1 қыркүйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданды. Ал 11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтайды. Қымбатты балалар, оқу жылы сіздерді жаңа жетістіктерге жетелеп шабыттандыратын қызықты, танымды әрі тағылымды болсын деп тілеймін! Дәл осы күні ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін де атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс, – деді министр.
«Құрметті әріптестер, өз мамандықтарыңызға адалдықтарыңыз, ұрпақ ісіндегі жанкешті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құндылықтарын сіңіріп келесіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын», – деп түйіндеді Бейсембаев.