Компания марқұмдардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді
KAZ Minerals тобы ШҚО Ертіс шахтасында болған жазатайым оқиға туралы хабарлады, деп жазды Halyq Uni.
Айта кетсек, 31 тамызда шамамен сағат17:30-да Ертіс шахтасында кәсіпорынның 2 және мердігер ұйымның 2 жұмысшысының мәйіті табылды. Алдын ала себебі – газдан улану.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаны тергеуге жеке қатысу үшін Ертіс шахтасына барды, - делінген ресми ақпаратта.
KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Компания марқұмдардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді.
Анықтама үшін: КAZ Minerals Limited – Қазақстанда заманауи, ірі ауқымды, азшығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Топ операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерінде, сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы 3 кеніш пен кен байыту фабрикаларында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді.
Топ 2019 жылы сатып алынған Баимская мыс жобасының банктік техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді аяқтады. Ресейдегі Баимская лицензиялы алаңының аумағында орналасқан Песчанка кен орнының ресурстары JORC кодексіне сәйкес бағаланып, кендегі мөлшері 0,39% болатын 10,4 млн тонна мысты және үлесі 0,21 г/т болатын 17,5 млн унция алтынды қамтиды. 2022 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 380 мың тоннаны қамтыды. Ілеспе өнім ретінде 47 мың тонна концентраттағы мырыш, 171 мың унция алтын мен 3,8 млн унция күміс өндірілді.
Топтың негізгі өндірістік кәсіпорындары – Ақтоғай мен Бозшакөл саладағы алдыңғы қатарлы даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырды. Сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын 2 есе арттыратын Ақтоғайды кеңейту жобасы 2021 жылдың қазан айында іске қосылып, желтоқсан айында тұтынушыларға алғашқы өнім жеткізілді.
KAZ Minerals-та Қазақстан, Қырғызстан және Ресей бойынша шамамен 14 мың адам жұмыс істейді.
Ал бүгінгі оқиғаға қатысты қосымша ақпарат алу үшін мына нөмірлерге хабарласуға болады: