Мамандар коронавирус штамдарының айналымына мониторинг жүргізіп жатыр
Биыл сәуір-мамырда Қазақстанда жүргізілген ПТР скрининг нәтижесінде COVID-19 вирусының әртүрлі штамдары анықталды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Барлық өңірде BA.1 «Омикрон» штамы – 98,6%, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «Стелс-Омикрон» – 36,7%, B.1.617-Delta – 1,4% анықталған.
ПТР скрининг нәтижесін растау үшін толық геномды секвенирлеу жүргізілді: BA.2 «Стелс-Омикрон» штамының – 93,8%-ы (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары), BA.1 «Омикрон» штамының – 6,2%-ы (Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары) анықталды, - деп жазылған хабарламада.
Министрлік елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарамастан қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы екпе, ревакцинация алуға кеңес береді.
Бүгінде Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның 3 түрі бар: Pfizer, Sinopharm, QazVac. Оның екеуін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.