Halyq Uni логотип
×

«Бомжсың ба?». Атырауда «блогердің» тиісуіне төзбеген күзетші қайтыс болды (ВИДЕО)

Әйелі жұмыста жүрген күйеуін қорлағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалайды

 Халық үні 29.08.2024 | 20:42
«Бомжсың ба?». Атырауда «блогердің» тиісуіне төзбеген күзетші қайтыс болды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Атыраудағы «Мемлекеттік сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесінің күзетшісі жұмыс орнындағы оқиғаға байланысты басына қан құйылып, көз жұмған, деп хабарлайды Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Заңгер Айнұр Балакешованың айтуынша, марқұм мекеме күзетшісі Хәкім Иманиязов 56 жаста болған.

Айта кетсек, «Мемлекеттік сараптама орталығына» өздерін блогермін деп таныстырған бірнеше адам келіп, бірқатар заң бұзушылықтарды айтып, телефон камерасына түсірген. Олар мемлекеттік тудың жоқтығына, турнекеттің жұмыс істемейтініне шағымданып, мекеме басшысын шақыртқан.

Мемлекеттік органға кіргісі келген блогерлер жолын бөгемек болған күзетшіге дауыс көтеріп, артынша оны балағаттаған. Видеодан ер адамның күзетшінің аяқкиіміне тиісіп, «Сен БОМЖ-сың ба?», «Сен еркек емессің, белдемше киіп ал» дегенін естуге болады.

Салдарынан күзетшінің денсаулығының нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырылып, бірнеше аптадан кейін ол көз жұмды, - делінген заңгердің жазбасында.

Марқұм күзетшінің артында зайыбы мен 2 ұлы, 1 қызы қалды. Заңгердің айтуынша, марқұм күзетшінің әйелі Мариям жұмыста жүрген күйеуін қорлағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалайды.

Оқиғаға қатысты полиция департаменті мәлімдеме жасады.

Атырау қалалық полиция басқармасы тарапынан желіде таратылған фактіге қатысты тексеру амалдары басталды. Қазір мән-жайлар анықталып жатыр. Дегенмен аталған фактіге қатысты ешқандай арыз-шағым түспегенін хабарлаймыз, – делінген полиция хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама