Мектептерде қауіпсіздік сабағы өткізіледі
Онда қорғану негіздері үйретіледі
Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары өткізіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еліміздің барлық балабақшасы, мектептері және колледждерінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері бойынша оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі. Мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздік пен басқаларды қорғауға қатысты саналы әрі жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, сабақта балаларды ынталандыратын жайлы жағдай жасалады.
Бұл сабақтарда балаларға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті білім және дағдылар ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік пен құзыреттілік туралы түсіндіріледі. Балалардың жасы және даму деңгейін ескере отырып, әр сабақтың пайдалы әрі қызықты өтуіне назар аударылуы тиіс. Себебі, біз балаларды қолдайтын әрі оларды жақсы істерге ынталандыратын орта құруға ұмтыламыз, – деді Насымжан Оспанова.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минут шамасында өткізіледі. Бір тақырып жылына үш рет қайталанады. Сабақ барысында практикалық кеңестер, ойындар, оқытудың интерактивті әдістері, демонстрациялар, бейнероликтер мен материалды барлық жастағы балалар үшін қолжетімді және түсінікті етуге көмектесетін практикалық оқытудың басқа да нысандарын қолдану ұсынылады.