Петропавлда туристік жолдама сатқан алаяқтарға іздеу жарияланды
Шығынның сомасы 90 мыңнан 360 мың теңгеге дейін барады
Петропавл қаласында әлеуметтік желі арқылы туристік жолдаманы сатқан алаяқтар іздестіріліп жатыр.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, алаяқтыққа қатысты үш оқиға тіркелген.
Петропавл тұрғындары Instagram-дағы тұрғын үйді жалға беру, қызметтерге тапсырыс жасау, сирек тауарларды тиімді бағамен сату және сатып алу секілді жарнаманы көрген соң, туристік жолдамаға тапсырыс берген. Фирма менеджерімен WhatsApp арқылы сөйлесіп, мобильді қосымшадағы аударымдар сервисімен алдын ала төлем жасаған.
Содан кейін фирма менеджері ақшаны алған соң, телефонға жауап бермей өшіріп тастаған. Тұрғындар алаяққа алданып қалғанын білгеннен кейін полицияға арыз түсірген.
Полицияның мәліметіне қарағанда, келтірілген шығынның сомасы 90 мыңнан 360 мыңға дейін барады. Қазір криминалдық полиция қызметкерлері интернет алаяқтыққа күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Полицейлер азаматтардан ақша қаражатын бейтаныс адамдарға жібермей, фирмалар мен интернет дүкендердің көрсететін қызметтерін мұқият зерттеп, пікірлерді оқып болған соң, ғана қаржы операциясын жасауды сұрайды. Алданған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет.