×

Алматыда отбасын қолдау орталықтары 35 мыңға жуық адамға қызмет көрсетті

Қалада тұрғындарға көмек көрсететін 8 мекеме жұмыс істейді

 Динара Амантай 29.08.2024 | 16:45
Фото: Halyq Uni

Алматы қаласында халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын санаттағы тұрғындарға жан-жақты қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесу мақсатында құрылған «Отбасын қолдау орталықтары» жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада осындай 8 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істеп жатыр. Мекемелерде 21 мың 857 адам тіркеліп, 34 мың 860 адамға қызмет көрсетілді. Жоспар бойынша күніне 730 адамды қолдау шараларымен қамту көзделген.

 Қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау және оларды қолайсыз әлеуметтік ортадан шығаруға жәрдемдесу мақсатында биыл қаладағы «Бақытты отбасы» орталығы «Отбасын қолдау орталығына өзгертілген. «Отбасын қолдау орталықтары» қызметінің негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, отбасы институтын нығайту. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне құқықтық-әдістемелік кеңес беру, жан-жақты оқыту, ақпарат беріп, әдістемелік тұрғыда жәрдем көрсету арқылы олардың өмір сүру сапасын көтеру. Бұған қоса, алматылықтарды қиын, дағдарыстық жағдайдан шығару мақсатында экономикалық тұрғыдан тәуелсіздігін және ынтасын арттыру, – делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қалада тіркелген және тұратын аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес, орташа табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 2 есе мөлшерінен (106 мың 64 теңге) аспайтын азаматтарға жиырма АЕК (73 мың 840 теңге) көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі.

Бұл әлеуметтік төлемдерді алу үшін Алматы тұрғыны тіркелеген тұрғылықты мекенжайы бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш жазуға тиіс. Сонымен бірге бірқатар құжаттар ұсынуы қажет.

Атап айтқанда:

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • өтініш берушінің, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің табысы жөніндегі мәлімет;
  • қиын жағдайға тап болғанын растайтын деректер.

Айта кетсек, 2024 жылдың 3 тоқсанына Алматы бойынша күнкөріс денгейінің көлемі – 53 мың 32 теңге.

Сонымен бірге тұрмысы төмен отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағынан көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 120-бабы 11-тарауына сәйкес, жан басына шаққанда орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан (37 мың 122 теңге) аспаған жағдайда тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмектің бір адамға берілетін мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың басты талабы – еңбекке қабілетті жұмыссыз отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға көмектесу бойынша іске асырылатын шараларға міндетті түрде қатысуы қажет. Басқаша айтқанда, орталықтар ұсынған жұмысқа орналасу, уақытша жұмыс орындарына бару, қысқа мерзімді кәсіптік курстардан оқудан өту және басқа да шараларға қатысу міндетті болып саналады.

Аталмыш әлеуметтік қаржылай көмекті рәсімдеу үшін электронды үкімет порталы (eGov) арқылы онлайн өтініш беруге болады. Сондай-ақ аудандық әкімдіктер аппаратында орналасқан мансап орталықтарының қызметкерлеріне жеке төлқұжаты мен үлгілік өтінішті беру қажет болады. Мамандар өтінімді рәсімдеуге қажет төлқұжаттан бөлек мәліметтерді ақпараттық жүйеден алатынын атап өткен жөн. Сонымен бірге әлеуметтік қаржылай көмекке мұқтаж азамат қажетті құжаттарды қағаз нұсқада да ұсына алады, – делінген Жұмыспен қаму және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың 1 тамызына Алматы қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алатын азаматтардың ішінде көпбалалы 1 мың 262 отбасыға, оның ішінде 8 мың 232 адамға АӘК тағайындалған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мақсатында жаңа спорт орталығының құрылысы басталатынын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама