Гүлмира Сатыбалды 12 жылға сотталды

Айгерім Таубай

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді

Фото: видеодан алынған скрин /Khabar

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты. Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевқа Сатыбалдының күйеу баласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстады деген айып тағылған. Сот Жүнісовтің 165 тәулік қамауда болғанын, сол уақытта Сатыбалдының жәбірленушінің және оның жақын туыстарының ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденгенін анықталды. Осылайша ол 217,9 млн теңге материалдық шығын келтірген.

Сондай-ақ Сатыбалды жәбірленушіні өзімен аффилиирленген үшінші тұлғаларға мүліктік және жарияланған акцияларға құқықтарын қайта тіркеуге мәжбүрлеп, 1,2 млрд теңгеге аса ірі көлемдегі материалдық залал келтірген.

Сот үкімімен Гүлмира Сатыбалды 12 жылға бас бостандығынан айырылды, Батырашев 9 жылға сотталды.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру), 389-бабы 4-бөлігі (өзінше билік ету), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша сотқа тартылған. Бұл аса ауыр қылмыстар қатарына кіреді.

Ал оның көлік жүргізушісі болған Мәди Батырашев қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша айыпталып отыр.

Іс бойынша жәбірленуші – Гүлмира Сатыбалдының күйеу баласы Абай Жүнісов (ол – Гүлмира Сатыбалдының туған сіңілісінің күйеуі) 2019 жылы алты ай бойы Сатыбалдының бұйрығы негізінде үйінен шыға алмағанын айтады. Айтуынша, сол уақытта өзіне тиесілі мүлік пен активтерін Сатыбалдының сенімді адамдарының атына жазып берген.

Жәбірленушілердің қатарында Қасым және Алтай Жүнісовтер де бар.

САТЫБАЛДЫ БҰҒАН ДЕЙІН 2 РЕТ СОТТАЛДЫ

Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 4 мамырда шықты.

Қылмыстық іс бойынша Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Өтебеков сот залында қамауға алынды. Олардың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтіні айтылды.

Бұл іс бойынша Гүлмира Сатыбалды 2018-2020 жылдары «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болуға ұмтылып, компанияның құны 6 584 244 088 теңге тұратын акциялар пакетінің 43,25%-ын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Ол акция Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі болған.

Іс туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Ал Қызылорда облысы соты Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады