×

Тоқаев ауыл кітапханаларына кітаптар сыйға тартты

100 ауылға 10 мың кітап тарту етілді

 Қымбат Елтайқызы 29.08.2024 | 16:34
фото: Астана әкімдігі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстанның 100 ауылының кітапханаларына көркем әдебиеттер табысталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, президент тартуы «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы аясында сыйға берілді.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанда «кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударған болатын.

Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деген еді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы отандық және әлемдік әдебиеттің соңғы үлгідегі туындыларын шалғайдағы ауыл кітапханаларына жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталып отыр. Кітаптар Президенттің атынан еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, соғыс ардагерлерінің, белгілі қаламгерлер мен мәдениет майталмандарының, ғалымдардың туып-өскен ауылдарына жолданды.

Акция аясында Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, қазақтың қаһарман қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәмбетова, Хиуаз Доспанованың, талантты актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің, жазушы Герольд Бельгердің туып-өскен ауылдарындағы кітапхана қорлары толықты. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Қасым Аманжолов, Кемел Ақышов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Әбілхан Қастеев, Біржан сал, Сәкен Сейфуллин, Төлеу Көбдіков, Кенен Әзірбаев секілді белгілі тұлғалардың және басқа да бірқатар ауылға кітаптар топтамасы жолданды.

Ауыл кітапханаларына берілген кітаптар арасында әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары, балалар әдебиетінің жауһарлары, комикстер, қазіргі заманғы проза мен поэзия, тарихи, танымдық-ағартушылық әдебиеттер бар. Мемлекет басшысының атынан барлығы 100 ауылға 10 мың кітап табыс етілді, – деп қосты ведомство.

«Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, министрлер, түрлі ұйымдардың басшылары мен белсенді азаматтар қолдау көрсетуде. Акция әлі жалғасып жатыр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама