Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні
Абай облысының орталығында Семей полигонының жабылуына арналған дәстүрлі «Бейбітшілік акциясы» өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шара аясында Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған көрме қойылды. Сондай-ақ, Абай облысының қалалары мен аудандарында түрлі акция, көрме, коференциялар ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.
Семей полигоны осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Осылайша, Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартқан ел болды.