Елімізде алғашқы Креативті индустрия саябағы ашылды

Қымбат Елтайқызы

Паркте түрлі шығармашылық аймағы бар

фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандағы алғашқы Креативті индустрия саябағы Алматы облысындағы Қаскелеңде салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл парк Energo University, яғни Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті базасында жұмыс істейді.

Креативті саябақ 12 гектар аумақты қамтиды. Территорияда жайлы саябақ зонасы, спорттық әрі тақырыптық алаңдар орналасқан, – деп толықтырды ведомство.

Іс-шараға Алматы облысының басшылығы, Мәжіліс депутаттары, бизнес қауымдастық пен креативті индустрия өкілдері қатысты.

Ашылу күнінде киноиндустрия форумы өтті. Оған Нью-Йорк киноакадемиясының президенті Майкл Янг пен басқа да топ-менеджерлер қатысты. Саябақта әлемге әйгілі академиямен бірлесіп, Креативті индустрия мектебін ашу жоспарланып отыр. Онда кино, медиа, дизайн, анимация, ойын жасаушы, жасанды интеллект және жасыл технология саласы бойынша мамандар даярланады.