×

Досаев Алматыда ұсақ тас төсемдерін пайдалануға тыйым салды

Қаладағы Иманов атындағы саябақ та жөндеуден өтеді

 Халық үні 29.08.2024 | 11:39
Фото: Halyq Uni

Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ мемлекеттік академиялық театры төңірегі мен Амангелді Иманов атындағы саябақ жөндеуден өтеді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тамызда мердігер компания анықталды. Қарашаның соңына дейін Қабанбай батыр көшесінен бастап Жібек жолына дейін Панфилов көшесімен төмен қарай абаттандырылады. Жоба мақұлданды. Панфилов көшесін жандандырамыз, - дейді Ерболат Досаев. 

Қала тұрғыны Абылайхан көшесі бойындағы сквердің де жағдайы мәз емес екенін айтты.

Мүсірепов атындағы театр аумағы мен Иманов атындағы саябақ та жанданады. 2025 жылдың жоспарына енгіздік. Әкімдік әзірлейтін жобалау-сметалық құжаттама қажет, - дейді қала әкімі.

Алматы тұрғыны саябақтар мен гүлзарларды жөндеу барысында тас төсеу (брусчатка) орнына асфальт материалын қолдануды ұсынды.

Мен де сізбен толық келісемін. Қалада ұсақ тас төсемдерін (брусчатка) қолдануға тыйым салдым. Себебі біз оны дұрыс орналастыра алмаймыз. Қыста қар мен мұзды тазалау кезінде тас төсемінің сынықтары ажырап қалатыны бар, - дейді әкім.

Досаевтың айтуынша, қазірге дейін бірнеше саябақтағы жөндеу жұмыстарына ірі төсемдер пайдаланыла бастады. Әкім мұның Еуропа елдерінде де қолданылатынына назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама