Астанада қарбалас уақытта жүк көліктері қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін
Қыркүйекте жүктің салмағын автоматты түрде өлшейтін жүйе іске қосылады
Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала әкімінің айтуынша, ауыр және ірі көлік жүргізушілерінің көпшілігі жүктің салмақ параметрлерін сақтамайды. 25 тоннаның орнына 100 тоннаға дейін, тіпті одан да көп жүк тасымалдап жүруі мүмкін.
Бұл бірқатар қолайсыздық тудырады: жол қозғалысының өзге қатысушыларына қиындық тудырады, әрі жолға үлкен жүктеме түсіреді. Соған байланысты әкімдік қыркүйекте автокөлік салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйе іске қосылатынын хабарлады.
Автоматтандырылған өлшеу жүйесі қалаға негізгі кіреберістерде – Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка ауылдары тұсынан орнатылған. Кейінгі айда 10 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. Бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, қаланың көлік инфрақұрылымының жалпы деңгейін жақсартуға, өзге де көліктердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, - деп жазды қала әкімі.
Осылайша ауыр және ірі көліктердің рұқсат етілген салмағы мына мөлшерден аспауы керек:
- үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
- төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
- бес осьті – 38 тонна;
- алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.
Ал жалпы салмақ жүктің де, көліктің де салмағын қамтиды.
Артық салмақ болған жағдайда 3 миллион 700 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін өзгеруі мүмкін.