Halyq Uni логотип
×

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына жағдай жасалады

Кітапхана жұмысы автоматтандырылады

 Халық үні 08.08.2024 | 11:05
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына жағдай жасалады
Фото: vlast.kz/ Қанат Бейсекеев

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға үйге кітап жеткізіп беру қызметі сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде қалада 28 мемлекеттік кітапхана бар. Оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық кітапханада оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Мейрам Бектембаев мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына да жағдай жасалғанын атап өтті.

Мысалы, бірнеше кітапханада көру қабілеті нашар, зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақталары орнатылған. Осылайша, зағип оқырман кітап мәтінін саусақпен сезіп оқи алады. Олар кез келген кітаптағы мәтінді арнайы құрылғы арқылы сканерлеп, компьютер экранына үлкейтіп шығара алады. Мәтінді құлаққаппен тыңдауға да болады, - деді директор.

Оның айтуынша, орталықтандырылған кітапхана қаладағы зағиптар қоғамымен және түрлі инклюзивті ұйыммен тығыз ынтымақтастық орнатып жатыр.

Бүгінде балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін белсенді жұмыс істедік. Олар үшін тегін тіл үйірмелер, геймификация элементі бар түрлі іс-шара ұйымдастырамыз. Тіпті, әншілер мен жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Бізде 140 тегін үйірме жұмыс істейді, - деді Мейрам Бектембаев.

Директор Алматыдағы кітапханалардың 95 пайызы жөнделгенін атап өтті.

«Қаладағы әрбір кітапхана балалар мен ересектер үшін жан-жақты даму орталығына айналған деп айта аламын. Мысалы, кітапханаларға жыл сайын кем дегенде оқырмандар 3 млн рет келіп кетеді.

Сонымен қатар кітапхана жүйесіндені кітап қоры 1 млн 300 мың данадан асады. Оның 18 пайызы толық цифрландырылды. Тіпті, кітаптар каталогын орталықтандырылған кітапхана жүйесінің сайтына да орналастырылдық. Оны бәріп оқып, көре алады. Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметін сынақтан өткізіп жатырмыз, - деді басшы.

№10 кітапхана меңгерушісі Надежда Теннің айтуынша, алматылық кітапханашылар биыл Жапония, Оңтүстік Корея, Швейцария, Германия және Грузиядағы жетекші кітапханаларға барып, біліктілігін арттырған.

Бүгінде қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, жұмыс істеуге  қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мысалы, біз әлемдегі жетекші кітапханаларда біліктілігімізді арттырдық. Өзім туралы айтайын. Мен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Старфилд, Намсан сияқты әйгілі кітапханаларға, университеттер мен балалар кітапханаларына да бардық. Оқу аяқталған соң, әріптестерімізбен алған білімімізді өзара бөлістік. Бұл болашақта өз нәтижесін береді деп ойлаймын, - деді Надежда Тен.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыдағы кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйесі жұмыс істейді. Бұл кітапханашылар мен оқырмандар үшін қолайлы.

Мысалы, электронды оқырман билетін шығарып беру, оқырмандардың сұраныстарын өңдеу, керек әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру және резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру әрі қайтару жұмыстары. Осының бәрі автоматтандырылды, - деді кітапхана меңгерушісі.

Айта кетейік, 2030 жылға дейін Алматыда тағы 20 кітапхана ашылады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама