Жұмат Шанин атындағы театрдың ашылғанына 95 жыл толды

Халық үні

Бұрын өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелген

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ашылғанына 95 жыл толғаны архив құжаттары арқылы дәлелденді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына – 95 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Оңғарұлы және театр ұжымы қатысты.

Бұл өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелетін еді. Алайда Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «Жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді, - деді Сәрсен Құранбек дөңгелек үстелде.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары театрдың тарихы туралы құнды құжаттар табылғанын айтты.

«Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды.

Онда сол театрдың директоры Жұмат Шанин театр режиссерлерінің тапшы екенін айтып, «Қазақстанда режиссер болатын тек Жүсіпбек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал Жүсіпбек Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкенттегі Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек, Аймауытовтың сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық, – деді басшы.

Іс-шараға қатысушылар да бұл деректерді растады.

Архив құжаттарында аталған техникумда музыкалық-драмалық үйірме болғаны жазылған. Онда шәкірттер көркем оқу, пьесаларды талдау, грим, гимнастика, пластика секілді театрға тікелей қатысты пәндерді оқыған. Бұл үйірме 1927-1929 жылдары жыл сайын 8-9 қойылымды сахналаған.

Сондай-ақ 1929 жылғы 28 қыркүйекте бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» деп аталатын құжатта театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль бөлінген.

Бұл архив құжаттары мен тарихи деректер Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 1929 жылы ашылғанын толық дәлелдейді. Көрнекті жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып-дайындап, Шымкентте қазақ ұлттық театрының ашылуына үлкен еңбек сіңірген, - деді қатысушылар.

Айта кетейік, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойы аясында биыл қарашада Шымкентте Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі ұйымдастырылады.