«Даму бала»: Алматыда балалардың тегін үйірмеге қатысу бағдарламасы жүйелі реттеледі
Қала әкімі жоба бойынша адал жеткізушілер қызмет көрсететінін айтты
Алматы қаласында мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру аясында іске асырылып жатқан «Даму бала» бағдарламасы жүйелі түрде реттелетін болады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында бұдан былай жоба бойынша салаға тек адал, жауапкершілігі бар жеткізушілер тартылатынын мәлімдеді.
Мегаполис басшысы республика бойынша «Даму бала» бағдарламасына жеткілікті қаржы бөлген жалғыз аймақ Алматы екеніне назар аударды.
Бірқатар өңірде бағдарлама бойынша қаржы бөлуді қысқартып тастады. Ал біздің өңірде қалаға 16,5 миллиард теңге бөлінгенін атап өткім келеді. Әкімдік аталмыш бағдарламаны үнемі қолдауға тырысып келеді. Бұдан кейін де оны оңтайландыра түсеміз деген үміттемін, – деді Ерболат Досаев қала халқының сұрақтарына жауап беру кезінде.
Бұған қоса, қала басшысы «Артспорт» онлайн платформасынан «Даму бала» жүйесіне ауысу кезінде бұған дейін берілген ваучерлер қалып қойғанын, олар биылдың соңына дейін жарамды болатынын мәлімдеді.
Ендігі жаңа бағдарлама бойынша жауапкершілікті сезінетін, жүйелі тәртіппен жұмыс істейтін әрі адал қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілерінен жасақталған ваучерлер болатынына сенімдімін. Балалардың тегін үйірмелерге қатысуына мүмкіндік беретін жобаны әрқашан қуана қолдап отырамын. Осыған байланысты, егер қажет болған жағдайда бағдарламаның ауқымын кеңейту мақсатында қосымша қаржы табуға тырысып бағамын. Сондай-ақ, былтырғы кезеңнің екінші жартысынан әрі биылдан бастап сапалы қызмет көрсететін кәсіпкерлерді табамыз, – деді қала басшысы.
Сонымен бірге Алматы қаласының әкімі қаржы басқармасы мен осы ауданның әкімдігіне «Даму бала» бағдарламасы бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлерге қаржы аударуға қатысты туындаған мәселелерді уақтылы шешуді міндеттеді.
Өз кезегінде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин осыған дейін жасалған барлық актіні салыстыра отырып тексергеннен кейін, кәсіпкерлерге төлем жасалатынына уәде берді.
Айта кетсек, былтырғы сәуірде орталықсыздандыру шеңберінде әрбір аудан әкімдігіне «Даму бала» бағдарламасы бойынша мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты орындау тапсырылған еді.