Алматылық жүргізушілер жыл басынан бері 2,5 млн рет ереже бұзған

Қымбат Елтайқызы

Қанша адамның жол апатынан қаза тапқаны да белгілі болды

фото: Halyq Uni

Алматы қаласының полиция департаменті Halyq Uni тілшісінің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ресми сауалына тың деректерді бөлісті.

Департамент мәліметінше, Алматыда 2024 жылдың басынан бері 2 551 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың салдарынан 2 753 адам жарақат алып, 58 адам мерт болды.

Жыл басынан бері 2 556 916 жол ережесін бұзу дерегі анықталса, оның ішінде 1 489 жүргізушінің көлікті мас күйінде жүргізгені белгілі болды, – деп толықтырды ведомство.

Сот шешімімен 2003 жүргізуші көлік айдау құқығынан айырылып, 1 321 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар, биыл жол ережелерін бұзған алматылық жүргізушілердің төлемеген айыппұлы 126 млн теңгеге жуықтады. Жуырда Алматы қаласының полициясы ірі көлемдегі төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерді ұстады.

Алматы полициясы жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланатын, көліктеріне арнайы сигнал беру құралдарын орнататын, көлікті мас күйінде жүргізетін және төленбеген айыппұлдары бар қауіпті жүргізушілерді анықтау мен жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмысты жалғастырып жатыр. Салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар борышкерлерді автоматты түрде анықтайтын автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда, – деп мәлімдеді ІІМ.

Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімшелері патрульдік полиция полкі және мамандандырылған батальон қызметкерлерінің көмегімен 200-ге жуық көлікті тоқтатып, мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырды. Бұл көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 125 миллион 940 мың теңге көлемінде айыппұлдары бар.

Алматы полициясы тағы да қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын, құқықбұзушылық үшін жазаның міндетті түрде болатынын, әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде төлеу қажеттігін еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.