Мектептерде буллингке қарсы бағдарлама жалғасады

Қымбат Елтайқызы

Бұл балалар арасындағы проблемаларды азайтуға көмектеспек

фото: Halyq Uni

Қазақстандық мектептерде буллингке қарсы бағдарламаны іске асыру жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу жылының басынан бастап еліміздің тоғыз өңірінде «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасын апробациялау жалғасады. Оған 70 мыңға жуық оқушы және білім беру ұйымдарының 5 мыңнан астам қызметкері қатысады, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.

Пилоттық бағдарламаны жүзеге асыру үшін аймақтарды таңдау кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлық көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілді. Бағдарламаны апробациялау барысында пилоттық мектептердің барлық қызметкері үшін мектеп ұжымдарында даулы жағдайлардың туындауына әсер ететін себептер мен факторлардың алдын алу және анықтау бойынша оқыту ұйымдастырылады және практикалық іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асырудың міндеттері мен әдістерін түсіндіру бойынша оқушылар мен ата-аналарға арналған түрлі іс-шара қарастырылған», - деді Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Аталған жұмыс оқу жылының соңына дейін жалғасады. Бұл бағдарламаның нәтижелілігін неғұрлым тиімді бағалауға және оны елдің білім беру ұйымдарында одан әрі енгізу үшін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.