Halyq Uni логотип
×

Алматы тұрғындары ел бойынша ең ұзақ өмір сүреді

Алматыда орташа айлық жалақы – 480 431 мың теңге, Астана қаласында – 518 495 теңге

 Халық үні 28.08.2024 | 12:22
Алматы тұрғындары ел бойынша ең ұзақ өмір сүреді
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда 2024 жылдың тамызындағы жағдай бойынша 20 млн 95 мың адам тұрса, оның басым бөлігі қалалық жерде қоныстанған. Бұл – 12,5 млн адам. Ал әйелдердің үлес салмағы – 10,2 млн адам болса, ер адамдар – 9,8 млн адам. Halyq Uni ірі қалалардағы демографиялық ахуалына шолу жасады.

ХАЛЫҚ ЕҢ КӨП ШОҒЫРЛАНҒАН ҚАЛА

Ұлттық статитистика бюросы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Алматыда 2 224 824 адам тұрады. Ал елордада 1 451 525 адам, Шымкентте 1 231 796 адам қоныстанған.

Алматыдағы ер адамдардың үлесі әйелдерге қарағанда 200 мың адамға аз. Қалада 1 млн ер адам және 1,2 млн әйел тұрады. Ал елордада 690 мың ер адам, 760 мыңнан аса әйел тұрады. Шымкент қаласында 600 мыңға жуық ер адам мен 600 мыңнан аса әйел бар.

Ал жастардың үлес салмағына келсек, Алматыда жастардың саны – 695 625 адам. Астанада – 455 712 адам. Астанада – 387 831 жас азамат бар.

Статистика бюросының хабарлауынша, жалпы халықтың туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 75 жас. Ішінде қалалық жерде тұратындар үшін 75,73 жас, ал ауыл тұрғындарында бұл көрсеткіш 74,02 жасты көрсетті.

Туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы Алматы қаласында тіркелген. Бұл қала үшін – 78,28 жас. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында – 72,41 жас, - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

ОРТАША ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНША?

Бюро ақпаратына сүйенсек, елдегі орташа айлық жалақы мөлшері – 403 251 теңге. Өңірлер бойынша бөліп қарасақ, 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық жалақы ең көп Алматы қаласында өскен. Қалада өсім 14,3 пайызды көрсетті. Екінші орында Ақтөбе облысы тұр – өсім деңгейі 14,0 пайыз, Павлодар облысында 12,9 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 11,6 пайызды құрап отыр.

Алматыда орташа айлық жалақы – 480 431 мың теңге, Астана қаласында – 518 495 теңге, Шымкентте 314 210 теңге.

Демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, елде 65 жастан асқан азаматтар халықтың 8,5 пайызын құрайды. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткені нұсқамасы бойынша 65 жастан асқан адамдар саны халықтың жалпы санының 7%-нан асқан кезде халықтың қартаю процесі басталады.

Республика бойынша бала туу деңгейі жоғары Түркістан, Мңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысы және Шымкент қаласында қартаю деңгейі салыстырмалы түрде төмен болса, Алматы қаласында бұл көрсеткіш жоғары болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама