Алматы прокуратурасы құқықтық сауатты арттырудағы негізгі түйткілдерді атады
Сот орындаушыларының әрекеті мен сот шешімінің орындалмауы өзекті мәселеге айналған
Алматы қаласы прокуратурасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және халықтан түсетін өтініштерге қатысты түсіндірме жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қала прокуратурасының ресми жауабына қарағанда, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және жобаларды іске асыру бойынша қала прокуратурасының істеген жұмысы туралы Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда, веб-сайтта, сондай-ақ ақпарат агенттіктерінде жарияланады.
Дегенмен қала прокуратурасының мәлімдеуінше, әлі күнге дейін мына бағыттар өзекті болып отыр:
- Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау саласы;
- Атқарушылық өндіріс – сот орындаушыларының іс-әрекеттері (әрекетсіздіктері), жеке сот орындаушыларының іс-әрекеттері (әрекетсіздіктері), алимент өндіру туралы сот актілерінің орындалуы, сот шешімдерінің орындалмауы;
- Азаматтық-сот қадағалау желісі бойынша – меншік құқығы туралы істер бойынша және басқа да сот шешімдері;
- Әкімшілік-сот қадағалау желісі бойынша – көліктегі құқықбұзушылықтар.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтыратыны жөнінде айтқан.
Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін, – деген еді Мемлекет басшысы.