×

«Назарбаев дәуірі де аяқталды»: Мұхамеджан Тазабек орамал мәселесінде нені тұспалдады?

Ақын орамал мәселесінің бір күні шешімін табатынына сенімді

фото: inform.kz

Мұхамеджан Тазабеков мектеп оқушыларының орамал тағу мәселесін қолдады. Айтыскер бұл мәселеде екіге бөлініп, дау тудырудың орынсыз екенін айтады. Бұл туралы ол instagram-дағы парақшасында жазды. 

«Бір кезде көлікке тағатын әдемі нөмірлер жабайы жолмен иесін табатын. «Елден ерекшеленіп қайтесің» деген сөзді ешкім ешкімге айтпай-ақ мемлекет араласып, жолға қойылды. Иесінің де көңілі тоқ, қазынаға да қаражат түсіп жатыр. Бір кезде «көк туға құрметім сол» деп, байрағымызды балконға ілген патриоттар сотталып кете жаздады. Көпшіліктің пікірі ескеріліп, президенттің өзі араласып, ондай сезімге құрметпен қарау мәселесі басқаша пайымдала бастады. Бұрындары көлденең адам галстуксыз кірмейтін Ақ ордаға түнеугүні атақты блогерді спорттық киіммен кіргізіп, ресми ақпарат таратқыздық. Оны көріп отырып, қазіргі уақытта қатып қалған қасаң тәртіпті ұстану емес, ел-жұрттың күнделікті киіну мәдениетімен санасу маңызды боп жатыр ғой деп тұспалдадық», – деп жазды Тазабек.

Айтуынша, орамал тартқысы келген бірлі-жарым жоғарғы сынып оқушыларының да талабы бір күндері орындалады.

«Қиыннан жол тапқыш, қаласа киіз қазықты тоқпақсыз жерге кіргізетін жоғарыдағылар оның да жолын табар. Ақыр шешілуі керек мәселе болса, елді екіге жарып қырылыстырмай, онсыз да онға бөлініп, орға жығылудың алдында тұрған қоғамды бір жақты қылған дұрыс шығар. Заман ауысады, заң да өзгереді, мұсылман да өледі, мұсылман емес те кетеді… Орамалды қолдаған да мәңгілік емес, қарсы болған да қалмайды. Ататүрік те кеткен, Ердоғанның келетінін де ешкім білген жоқ… Назарбаев дәуірі де аяқталды, ата заң өзгереді деп те ойламағандар да көп… Иман, ислам, намаз, ораза, қажылық, орамал - олар қиаметке дейін қалады ғой Қалмайтындар қалатын нәрсеге қиянат қылмаған дұрыс қой… Сөзді бұрмалап, адасқандарды сылтауға сынық қылмай, болатын нәрсенің тоқтайтын жеріне тоқайласу керек қой…!», – деп түйіндеді ол сөзін. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама