Қала нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы қалай күресіп жатыр?
Биылғы жылы Алматыда 400-ге жуық есірткі қылмысы тіркелді. Қалалық полиция департаменті Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына осылай деп жауап берді.
Департамент мәліметінше, 2024 жылы есірткі бойынша 387 құқық бұзушылық анықталды, 145 есірткі сатудың жолы кесілді.
Заңсыз айналымнан 271 келі 672 грамм есірткі тәркіленді, оның 28 келіден астамы «синтетика» болды, – деп толықтырды ведомство.
Мәселен, бұған дейін пәтерін есірткі притонына айналдырған алматылықтың сотталғаны жайлы белгілі болды. Оның кінәсі сотта дәлелденді.
Алматыда пәтерін есірткі притонына айналдырған тұрғынға сот үкімі шықты. Нақтыласақ, биыл сәуірде тәртіп сақшылары бұл пәтерде нашақорлар жиналатынын анықтады.
Қаладағы Әуезов ауданында тұрғын үйін есірткі притонына айналдырған. Онда героин тұтынылған. Үйді тінту кезінде электронды таразылар, пайдаланылмаған шприцтер, құрамында өсімдік тектес және ұнтақ түріндегі заттары табылып, тәркіленді. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-химиялық сараптамасы тағайындалды, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері.
Әуезов аудандық сотының үкімімен А. есімді айыпталушы Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі және 302-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.