Түркістанда алименттен жалтарғандар құмар ойындарға 270 млн теңге жұмсаған
Прокуратура құзырлы органға тиісті шара қолдану үшін ұсыным енгізді
Облыс прокуратурасы алимент төлеу міндеттерін қасақана орындамаған борышкерлерге қатысты талдау жүргізді. Нәтижесінде қарызы жиналған 72 борышкердің құмар ойындарға 274 млн теңге жұмсағаны анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталған дерек бойынша облыс прокуратурасы құзырлы органға тиісті шара қолдану үшін ұсыну енгізді.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 6 айда облыс бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алиментке қатысты 22 219 атқару құжаттары орындауға алдынды. Оның 2 мың 376-сы аяқталып, 19 843 құжат орындалу сатысында.
Бұл ретте облыс прокуратурасында алимент төлеуден жалтарған борышкерлерді жауаптылыққа тарту бағытында уәкілетті және қылмыстық қудалау органдарының өзара әрекеттесуі мәселесі бойынша мекемеаралық мәжіліс өтті.
Аталған мекемеаралық мәжілістің мақсаты – алимент қаражатын өндіру мақсатында заңда көзделген барлық шараларды қолдану және барлық мүдделі органдарының осы бағыттағы өзара іс-қимылын үйлестіру.
Мәжілістің хаттамалық шешімі орындау үшін жауапты мекемелерге жолданды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылорда облысында алименттен жалтарғандар құмар ойындарға 250 млн теңге жұмсағанын хабарлаған болатынбыз.