Әкімдіктер кезектегі тізімдерді түгендеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген
Ақтөбеде қайтыс болған 11 адам баспана кезегінде тұрған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде 36 мыңнан астам адам кезекте тұр. Оның ішінде көп балалы отбасылар, жетім балалар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар бар.
Басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткен, еңбек қатынастары тоқтатылған және тұрғын үйді жекешелендіріп үлгерген 100-ден астам тұрғын баспанаға мұқтаждардың дерекқорынан шығарылмаған. Сонымен қатар, мұқтаж азаматтардың тізімінде қайтыс болған 11 адам кезекте тұрған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезектегі тізімдерін түгендеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан дұрыс жүргізілмегені анықталды.
Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, заңбұзушылықтар жойылды.