Солтүстік Қазақстанда елік аулаған браконьер ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Ол қылмыс орнынан қашуға тырысқан

фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары заңсыз аң аулаған азаматты қылмыс орнында анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне ормандағы атыстар туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспекторлар Гаврино ауылының маңындағы орман алқабынан иесіз қалған, нөмірі жоқ Урал мотоциклін және браконьер бөлшектеп үлгермеген, ағашқа ілінген елікті тауып алды. Мотоциклдің жүк салғышында 12 калибрлі 10 патрон болған. Қаскүнемнің өзі қызметтік автокөлікті көріп қашып кеткен.

Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 40 жастағы Петропавл  тұрғыны анықталды. Күдіктіден тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды – деді полиция бөлімі бастығының м.а. Жанат Рахметов.

Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері СҚО-да заңсыз аң аулаудың 6 фактісі тіркелді.