«АЭС-ке бөлінген қаржы ұрланбай ма?» - Сәтқалиевтың жауабы

Дәурен Ерболат

Министр жемқорлық қаупі бақылауда болады деп отыр

Фото: Halyq Uni

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясына бөлінген қаржы ұрланбайтынын, мәселе мұқият бақылауда болатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрге «АЭС-ке бөлінген қаржы ұрланбай ма? Салдарынан жобаның іске асуы күмәнді болмай ма?» деген сұрақ қойылды.

Алмасадам Сәтқалиев жемқорлық қаупі бақылауда болатынын атап өтті.

Атом станциясын (салуда) көпдеңгейлі бақылау механизмі бар. Бұл кез келген заңсыз әрекеттің барлық тәуекелін барынша азайтатынына сенімдімін. Мен министр ретінде бұған барынша ықпал етемін. Сондай-ақ қоғам, журналистік қоғамдастық алдында қабылданған шешімдер туралы үнемі есеп беріп отырамын, - деді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Президент Тоқаев биыл күзде АЭС бойынша референдум өтетінін мәлімдеген еді. Президенттің пікірінше, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС бойынша референдум өткізуге қатысты үкімет қаулысының жарлық жобасын Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырды.