«АЭС-ке балама жоқ»: Сәтқалиев атом энергетикасын дамыту туралы айтты
Болжамға сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ дейін өседі
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға АЭС керек екенін және елімізде атом энергетикасын дамыту үшін барлық жағдай бар екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының құрылысы қуатты ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім саналады. Қазір АЭС-ке балама жоқ. Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажет жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие, - деді министр Үкімет отырысында.
Айта кетейік, электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі өндірістің 66%-ын қамтамасыз ететін көмір станцияларына тиесілі.
Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ дейін өседі. Ал қолданыстағы энергия көздерін өндіру 135 млрд кВт/сағ-қа дейін төмендейді.