Қазақстандықтар енді 40-қа жуық мамандық бойынша біліктілігін растай алады
Қазір үш кәсіптік біліктілікті тану орталығы жұмыс істейді
Қазақстан азаматтарының 37 мамандық бойынша біліктілігін растау мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде 37 кәсіп бойынша дағдыларды растай алатын 3 кәсіптік біліктілікті тану орталығы аккредиттелген.
Кәсіптік біліктілікті тану рәсімі әрбір азамат үшін еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа мансаптық перспективаларды ашу үшін өзінің білімі мен дағдыларын ресми түрде растауға мүмкіндік береді, – деп қосты ведомство.
Біліктілікті тану кәсіптік стандарттар негізінде жүзеге асырылады және үміткердің белгілі бір кәсіптің талаптарына сәйкестігін бағалайды.
Барлығы өз дағдыларын растауға болатын кәсіптер тізіліміне экономиканың түрлі саласынан 500-ден астам кәсіп кіреді. Бұл тізімге келешекте еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкес келетін жаңа мамандықтарды енгізу жоспарланып отыр.
Қазіргі жұмыс істеп тұрған үш кәсіптік тану орталығы туризм және қонақжайлылық (17 кәсіп) пен ақпараттық технологиялар (20 кәсіп) салаларына маманданған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық қажетті рәсімді Career Enbek цифрлық платформасында онлайн өтуге болады.
Аккредиттелген ұйымдар желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, аккредиттеуге тиісті дайындық рәсімдерін кәсіптік біліктілікті танудың тағы 20 әлеуетті орталығы жүргізеді.