Алматыда отбасының шырқын бұзған 15 адам сотталды

Ербол Тұрымбет

Одан бөлек 160-тан астам адамға қатысты тергеу жүріп жатыр

Фото: Halyq Uni

Алматыда жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында профилактикалық есепке 5 045 адам қойылды. Оның ішінде 4 508 тұлғаға қорғау ұйғарымы шығарылды және құқықбұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар 537 адамға белгіленді. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала полициясы департаменті берген жауапқа қарағанда, жауапкершілікті қатаңдату заңының күшіне енген сәтінен бастап отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 169 құқықбұзушылық тіркелген, 15 адам сотталып, қалған деректер бойынша тергеу жалғасып жатыр.  

Адамдарға қатысты профилактикалық ықпал етудің негізгі шараларының бірі – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы бұзушылықтарды жасаған тұлғаларды профилактикалық есепке қою және жеке профилактикалық жұмыс жүргізу, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу.

Мәселен, жыл басынан бері алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге 122 адам жіберілген. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін 247 адам «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 461-бабы бойынша жауапқа тартылған. Одан бөлек, құқықбұзушының мінез-құлқына қойылған ерекше талаптарын бұзғаны үшін 178 тұлға, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 1 627 тұлға жауапкершілікке тартылған. 

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау аудандық бөлімшелерінің инспекторлары зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге жеке көмек көрсетеді. Сондай-ақ, өтініш білдіргендерге осы бағыттағы қолданыстағы заңнама бойынша түсіндіріп береді. Мәселен, сенім телефоны бойынша 476 әйелге консультативтік көмек көрсетілген.

Жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау аудандық бөлімшелерінің инспекторлары консультативтік-құқықтық көмекке жүгінген 653 әйелді қабылдап, олармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар және тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізген.

Криминогендік жағдайды сауықтыру, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «тұрмыс», «отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Бақытты отбасы» сияқты профилактикалық шаралар жүргізілген. Іс-шаралар барысында санаты бойынша ІІО есебінде тұрған адамдардың тұрғылықты жері бойынша «қорғау нұсқамасы», «ерекше талаптар», «маскүнем», «нашақор», «жұмыс істемейтін отбасы» санаттарымен тексеру жүргізілген.

«Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде, дағдарыс орталығында құқық қорғау органдарының өкілдері мен «Аналар үйі», «Тинчелледж» ұйымдарының өкілдері мен психологтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кездесу өткізген.

Жыл басталғаны бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің инспекторлары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, қаланың оқу орындарында 148 лекциялық іс-шаралар (тренингтер, дәрістер және т.б.) және өзге де мекемелерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оған бір мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан.

Жыл басынан бері дағдарыс орталығына 138 әйел жіберілген.

Қазір қаланың барлық емханасында психолог-дәрігерлердің штаттары ашылып, тұрмыстық және зорлық-зомбылық көрген басқа да жәбірленушілерге психологиялық көмек беріліп келеді.

Одан бөлек, Алматы қаласы полиция департаментінде тәулік бойы жұмыс істейтін отбасылық-тұрмыстық жағдайдың алдын алу бойынша жедел штаб құрылған.