Таразда көпірден секірген әйел құтқарылды (ВИДЕО)

Динара Амантай

Ол бұл қадамға отбасылық жанжалдан кейін барған

Фото: видеодан скриншот

Жамбылдық полицейлер көпірден секірген әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тараз қалалық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның көпірден секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері әйелді сабырға шақыруға тырысқан. Секірген сәтте полицей оны киімінен ұстап қалмақ болған. Алайда әйел қолынан суырылып шығып суға құлап кеткен.

Осы сәтте полиция лейтенанты Әлиайдар Рысмұхамбетов ағысы қатты өзенге ізінше секіріп түседі. Сақшыға төтенше жағдайлар қызметкері мен жақын маңдағы жергілікті тұрғын көмекке келіп үлгерді. Әйел аман-есен құтқарылып, жағаға шығарылды. Құлаған кезде кеудешесі жыртылып қалғандықтан, полиция қызметкері қамқорлық көрсетіп, өз киімін кигізген. Жапа шегушінің сөзінше, мұндай жағдайға отбасылық жанжал себеп болған, – делінген хабарламада.

Жедел жәрдем бригадасы әйелге қажетті медициналық көмек көрсетті. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.