Сотталғандарды бақылау үшін 2 мыңнан аса білезік жалға алынды
350 заңбұзушылық анықталды
Биыл шілдеде сотталғандарды бақылау үшін 2 мыңнан аса білезік жалға алынды. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖ) төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтты, - деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Төраға сотталғандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Сондықтан биыл шілдеден бастап 2 мыңнан аса электронды бақылау құралы (білезіктер) жалға алды. Пробация қызметі бас бостандығын шектеуге және шартты түрде сотталған адамдарға электронды білезіктерді қолдануға құқылы, - деді Теңізжан Жәнібеков ІІМ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, білезіктер сотталғандарды қашықтан бақылауға, олардың қайда жүргенін білуге мүмкіндік береді.
Бұл қылмыстың қайта жасалмауына мүмкіндік береді. Бүгінде білезікті қолдану тәжірибиесі өз тиімділігін көрсетті. Олардың көмегімен 350 заңбұзушылық анықталды. Жаза түрін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы соттарға 87 материал жолданды, - деді төраға.