Қазақстан журналистикасында енді тек «таңдаулылар» қала ма?

Дәурен Ерболат

Жобадағы түзетулер БАҚ өкілдерінің жұмысын қиындатуы мүмкін

Фото: zakon.kz

«Журналистер аккредитациясын бекіту тәртібі туралы» жарлық жобасы медиа сарапшылардың алаңдаушылығын туғызды, - деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Олар жобадағы бірнеше ереже журналистердің ақпарат тарату құқығын шектеп, нарықта «таңдаулылардың» қалуына жол ашуы мүмкін деген пікірде.

Жарлық жобасына сәйкес, іс-шара өткізу тәртібін бұзған БАҚ өкілдерін іс-шараға жібермеуді, сондай-ақ журналистерге мемлекеттік органдардан алған ақпаратты аккредитациясы бар басылымнан тыс жерде таратуға тыйым салады.

Егер журналист аккредитация тәртібін бірнеше рет бұзса, ол аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Біз бұл шектеуді алып тастау керегін айттық. Бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігі оны қабылдамады, - деді Mediaqoldau заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова ZOOM арқылы өткізілген онлайн-брифингте.

Сондай-ақ сарапшы «журналист тек аккредитациясы бар басылымға ақпарат беруі керек» деген нормаға қатысты түсінік берді.

«Журналитердің регламентті сақтауы, стратегиялық нысанда тәртіпке бағынуы және бірнеше БАҚ-та жұмыс істейтін журналист талапты орындауы керек» деген норманы біз «аккредиттелген журналист қолданыстағы «Масс-медиа туралы» Қазақстан заңын сақтауға міндетті» деген редакцияға алмастыруды ұсындық, - деді Гүлмира Біржанова.

Құқықтық медиа орталығының жетекшісі Диана Окремова заңға енгізілетін түзетулер мемлекеттік органдар үшін ғана тиімді деген ұстанымда.

Министрлік тарапынан (енгізілген түзетулер) позитив болып көрінгемін, ондағы түсінік резеңке сияқты созыла береді. Мемлекеттік органдарға көп «мүмкіндік» беріп, қандай да бір мүддесін қорғауды көздейді. Менің ойымша, «Масс-медиа» туралы заңды «масс-медиа» деп емес, «мемлекеттің медианы реттеуі» деп айтуға болады. Себебі, мұнда бәрі мемлекеттің журналистердің жұмысын реттеуіне бағытталған: аккредитация және тағы басқа, - деді сарапшы.

Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредитациясын бекіту тәртібінің жобасын әзірлеген. Енді оларды аккредиттеудің 3 түрі болады:

  • Тұрақты – 1 жылға дейін;
  • Уақытша – 2 айдан артық емес;
  • Жеңілдетілген – халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде.

Аккредиттеуге өтінімді қарау мерзімі – 2 айға дейін (тұрақты болған жағдайда), тіпті оны қарау мерзімі бірнеше рет (тағы 2 айға) ұзартылуы да мүмкін.

Шетелдік БАҚ өкілі аккредитацияны алу үшін 6 айда жариялаған Қазақстан туралы материалдар тізімін ұсынуы керек.

Сондай-ақ шетелдік журналистер Қазақстан заңын бұзса, олар аккредитациясынан айырылады.

Қазақстандағы шетелдік журналистер үшін біраз өзгеріс бар. Себебі, бұрын шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу бұйрық арқылы жүргізілетін. Қазір  заңға көптеген түзету енгізіліп отыр. Бұл мәселе тудырады. СІМ-мен осы жобаны бірге талқылағымыз келеді. Себебі, біз оның қабылданғанын қаламаймыз. Талқылауға мүмкіндік беріледі деп ойлаймын, - деді Internews Kazakhstan халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко.