×

Күйеу баласымен соттасқан Гүлмира Сатыбалдының ісі аяқталуға жақын

Прокурор сотталушыны түпкілікті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

 Айгерім Таубай 26.08.2024 | 14:53
Фото: видеодан алынған скрин /Khabar

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үшінші қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығуға таяды. Іс Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалды – бұған дейін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, кейіннен жазасы жеңілдетілген Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру), 389-бабы 4-бөлігі (өзінше билік ету), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша сотқа тартылған. Бұл аса ауыр қылмыстар қатарына кіреді.

Ал оның көлік жүргізушісі болған Мәди Батырашев қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша айыпталып отыр.

Іс бойынша жәбірленуші – Гүлмира Сатыбалдының күйеу баласы Абай Жүнісов (ол – Гүлмира Сатыбалдының туған сіңілісінің күйеуі) 2019 жылы алты ай бойы Сатыбалдының бұйрығы негізінде үйінен шыға алмағанын айтады. Айтуынша, сол уақытта өзіне тиесілі мүлік пен активтерін Сатыбалдының сенімді адамдарының атына жазып берген.

Жәбірленушілердің қатарында Қасым және Алтай Жүнісовтер де бар.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН МҮЛІК

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істе бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының да аты аталады. Мәселен, ұлы Бауыржан Нұрсұлтан (Қайратұлы – ред.) пайдалануға шектеу қойылған мүлкіне қатысты сотқа өтінішхат жолдаған. Ол жерде 4 нысандағы шектеуді алып, мүлікті әкесі Қайрат Сатыбалдыға мемлекет алдындағы қарызын өтеуі үшін бергісі келетінін мәлімдеген.

Сот та Бауыржан Нұрсұлтанның бұл өтінішіне қарсылық білдірмей, Астанадағы төрт нысандағы шектеуді алып тастады.

Ал іс бойынша сот тергеуі 2024 жылдың 19 тамызында аяқталды. Ал жарыссөз 22 тамызда басталды.

Жарыссөз барысында прокурор Гүлмира Сатыбалдыны түпкілікті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

26 тамызда іс бойынша сот үкімі шығуы қажет еді. Алайда сотталушының денсаулығына байланысты үкімді оқу уақыты кейінге шегерілді.

САТЫБАЛДЫ БҰҒАН ДЕЙІН 2 РЕТ СОТТАЛДЫ

Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 4 мамырда шықты.

Қылмыстық іс бойынша Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Өтебеков сот залында қамауға алынды. Олардың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтіні айтылды.

Бұл іс бойынша Гүлмира Сатыбалды 2018-2020 жылдары «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болуға ұмтылып, компанияның құны 6 584 244 088 теңге тұратын акциялар пакетінің 43,25%-ын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Ол акция Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі болған.

Іс туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Ал Қызылорда облысы соты Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама