Сотталушыдан 2 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының сотында жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан Нұрболат Дәкебаевқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, биыл 27 қаңтарда сағат 00:05 шамасында айыпталушы қоқыс шығаруға шығып, үйдің кіреберісінде жолды бөгеп тұрған жедел жәрдем көлігін көрген. Содан кейін ол аталған көліктің жүргізушісі Берікқалиұлына балағат сөздер айтып, көлікті итеріп, қоқыс жәшіктеріне қарай өткен. Қайтар жолда фельдшердің көзінше жүргізушіге тағы да балағат сөздер айта бастаған. Бұрылыста Берікқалиұлы Дәкебаевтың неге ашуланғанын білу үшін көліктен түскен. Сағат 00:15 шамасында сотталушы жүргізушінің беті мен басынан үш рет соққы жасап, одан кейін бір рет қабырғасынан ұрған.
Д., бас миының шайқалуы, мұрын сүйектері мен мұрын қалқасының ығысуымен жабық сынуы және мұрынның сол жақ төменгі медиальді орбитасының жабық сынуы, қабақтың тері асты гематомалары, сол жақ көздің қанталауы, маңдайдың көгерген жарасы түрінде жәбірленуші Б.-ның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірген. Д.-ның кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен және оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденді, – делінген іс құжаттарында.
Сот үкімімен Дәкебаев 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Талап қою талаптары ішінара қанағаттандырылып, 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.