Жалған құжатпен түрмеге кірмек болған әйел ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Оның неке туралы куәлігі заңсыз жасалған болып шықты

фото: Halyq Uni

Астана тұрғыны жалған құжат жасап, колонияға кірмек болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Астана қалалық ҚАЖД-ға қарасты қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінің қызметкерлері сотталғанға ұзақ мерзімді кездесуге келген әйелдің неке қию туралы куәлігі жалған екенін анықтады.

Кездесуге келген әйелдің құжаты мекеме қызметкерлерінің күмәнін тудырды. Ақмола облысы Аршалы кентінің АХАТ қызметкерлері бұл күмәнді растады. Яғни, тіркеу журналында неке қию туралы куәлік болмады, – деп қосты ведомство.

Қазіргі уақытта Ақмола облысы ПД Аршалы аудандық полициясы ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Әйелге 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынады.

​«Қылмыстық-атқару жүйесі қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес, ұзақ кездесулерге сотталғанның жақын туыстарына рұқсат беріледі. Онда туыстық байланыстар тиісті құжаттармен расталады», – деді елордалық ҚАЖД бастығының орынбасары Ирсали Ахмедов.