ТЖ салдарын жоюға шамамен 18 миллиард теңге бөлінген
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендердің 568-і әлі күнге дейін эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni «Мой город» порталына сілтеме жасап.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Анар Бисенованың айтуынша, биыл өңірде су тасқынына байланысты 150 шақырым қорғаныс бөгеті тұрғызылып,1,5 миллион қап төселген. 84 елді мекен үлкен судан құтқарылды. 14 мыңнан аса адам эвакуацияланды, олардың 5 мыңнан астамы – балалар.
Бүгінде уақытша орналастыру пункттерінде 568 адам, оның ішінде 235 бала бар. Өңірде ірі су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Орал бойындағы саяжай алаптарында, мысалы, бірінші учаскеде («Стеновик» бау-бақша серіктестігі) су сорылып жатыр. Барлығы 12 миллион текше метр су сорылды, - деп түсіндірді Анар Бисенова.
БҚО ТЖД бастығының орынбасары облыстың ТЖ салдарын жоюға шамамен 18 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Қалада және аудандарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 775 үй салынып жатыр. Бұл жұмыстарға жергілікті 56 мердігер ұйым тартылған. Қазір 70% жұмыс аяқталған.
Айта кетсек, жыл басынан бастап облыс бойынша 14 табиғи сипаттағы төтенше жағдай (қатты желдің салдарынан электр қуатының үзілуі, шатырдың ұшуы, су тасқыны жағдайы, жемшөптің жетіспеушілігі) жарияланды.