Алматы облыстық ПД тергеудің әлі жүріп жатқанын хабарлады
2023 жылдың 29 тамызында Алматы облысында жаға ұстатарлық қылмыстық іс тіркелді. «Өгей қызын зорлады» деген айып тағылған күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Проктолог, гинеколог мамандар жеткіншектің денсаулығын жіті тексеріп, 90 парақтан тұратын комплекстік сараптама тағайындаған. Нәтижесінде оған ешқандай нұқсан келмегені дәлелденген. Істің мән-жайы анықталса да күдікті әлі абақтыда отыр. Айыпталушының анасы араша сұрап, әлек болып жүр.
Полиция тексерді, бәрі дұрыс деді. Баламның ешқандай жазығы жоқ. Оны 3-4 рет нешетүрлі сараптамадан өткізді. Енді прокуратура рұқсат беріп отыр. Ал мыналар 12 айдан бері бір іспен танысқан емес. Бұлардың істі алдыртып алып, бүгін тексереміз дегеніне 4 күн болды. 12 айдан бері ай қарап отыр ма бұлар? - дейді айыпталушының анасы Ақкүміс Бабаева.
Қылмыстық істің басы-қасында жүрген заңгер Ғабит Өмірбековтің айтуынша, жеткіншектің анасы екінші рет тұрмыс құрып, тағы 2 баланы дүниеге әкелген. Ал қыз 6 жасына дейін нағашы әжесінің қолында өсіпті. Одан соң шешесі баласын мектепке беремін деп қайта бауырына басқан. Айып таққан қыз әжесінің жанына қайта бару үшін осындай оқиғаны өзі ойынан ойлап табуы мүмкін дейді қорғаушы.
Қорғау тарапының айтуынша, нағашы әженің күйеубаласымен ара-қатынасы жақсы емес екен. Сол кезде олар қызды зорлады деген тұжырымға келіп, ол жағдайды естігеннен кейін де олар бірден хабарламаған. Өздерінің туған күндерін жасапты, тойлапты. Содан кейін барып біздің қызымыздың ар-ожданына нұқсан келтіріпсің деп арыз жазған, - дейді Ғабит Өмірбеков.
Күдіктінің абақтыда отырғанына тура 1 жыл болған. Алматы облыстық полиция департаменті тергеудің әлі жүріп жатқанын хабарлады.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданатын болады. Қылмыстық іске сараптама тағайындалған. Сондықтан тергеу амалдары созылып кетті, - дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуәлиев.