Діни ағым өкілінен құтыла алмаған хиджабтағы қыз ҰҚК-ден көмек сұрады

Халық үні

Мен – Әбу Ханифа мәзхабын ұстанамын, – дейді ол

фото: aboutislam.net

TikTok-та хиджаб киген қыз өзіне бір ер адамның желіде тыныштық бермей жүргенін айтып, ҰҚК-ден көмек сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni kyn.kz-ке сілтеме жасап.

Қыздың аты-жөні – Эмануэлла Наурызбаева. Айтуынша, оған ер адам белгісіз уағызшылардың видеоларын жібере береді екен. Сонымен қатар дәстүрлі исламнан басқа діни ағымды тықпалап қоймаған.

Мен – қазақпын! Осы елде туып-өскенмін. Алайда TikTok әлеуметтік желісінде nurs bloger деген атпен тіркелген жігіт маған «сен өзбексің» деп жала жауып, мазамды алып жатыр. Дәлел ретінде жеке куәлігімді де көрсеттім. nurs bloger деген кісі эфирде көрсеткен куәлігімді фотоға түсіріп алыпты. Бұдан бөлек, ол менің діни сеніміме тиісіп, өзінің діни сенімін тықпалап, «мына кісілерді тыңда» деп мен білмейтін уағызшылардың уағызын жібереді. Мен – Әбу Ханифа мәзхабын ұстанамын, – деді хиджабтағы қыз. 

Сондай-ақ ол nurs bloger-ді тікелей эфир кезінде жеке куәлігін түсіріп алғаны үшін сотқа бере алатынын да жеткізді.