Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан жігіт сотталды

Жәбірленушінің өкілі 5 млн теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған

 Халық үні 23.08.2024 | 20:28
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан жігіт сотталды
фото: видеодан скриншот

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Сотталушының кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен және оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденген.

Прокурор мен жәбірленушінің өкілі 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесуді, 12 160 теңге материалдық залал және 5 млн теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған, - деп жазылған хабарламада.

Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Жаза кесу кезінде сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мынадай мән-жайларды қарастырған:

  • жасаған ісіне шын өкінуі;
  • жас балаларының болуы.

Қызметтiк, кәсiптік борышты орындау кезінде осы адамға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасау жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот үкімімен Д., ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілді, - деп хабарлады сот.

Талап қою ішінара қанағаттандырылды, 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама