Бұған дейін ол 2 жылға сотталған болатын
Алматы қалалық сотында апелляциялық тәртіпте абайсызда адам өлтірген ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni.
Бұған дейін сотталушы бірінші сатыдағы соттың үкімімен абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекеті үшін кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сот процесіне қатысушылардан және олардың өкілдерінен сот үкіміне апелляциялық шағымдар түсті. Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қазанында кафеден шыққан соң, таксиге қатысты туындаған жанжал кезінде сотталушы жәбірленушіні күштеп итеріп жіберген. Салдарынан жәбірленуші арыққа құлап, басының артқы жағымен бетон жақтаудың шетіне соғылып, алған жарақатынан қайтыс болған.
Сараптама қорытындысы бойынша К.-ның өліміне мидың бүйірлік қарыншаларына қанның серпілісімен, бассүйек-мидың жабық жарақаты, оң жақ самай сүйегінің сынуы себеп болған. Іс материалдарын зерделеп, көрсетілген мән-жайларды, сондай-ақ сараптаманың қорытындысын ескере отырып, сот алқасы бұрын шығарылған үкімнің күшін жойды. Алқа қаулысымен Т. абайсызда адамның өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды (ҚК 106-бабының 3-тармағы) және оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енді.