Halyq Uni логотип
×

Алматыда ерекше балаларға арналған шеберлік дәрісі өтті

Оқытушылар мен белсенділер дәрісті ойын түрінде өткізді

 Динара Амантай 23.08.2024 | 11:57
Алматыда ерекше балаларға арналған шеберлік дәрісі өтті
Фото: Алматы қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы экохабында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған шеберлік дәрісі өтті, деп хабарлады Halyq Uni.

Қала әкімдігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы шеңберінде өткізілген дәрісте балаларға шығармашылыққа үйрететін әрі экологиялық білім берілген. Іс-шараға 30-дан астам адам, оның ішінде балалар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ еріктілер мен тәрбиешілер қатысқан.

Шеберлік дәрістің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік өзара іс-қимылы мен шығармашылық қабілетін дамыту үшін жағдай жасау, – делінген әкімдік хабарламасында.

Балалар қайта өңделген материалдардан экологиялық қолөнер бұйымдарын жасап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосты.

Сондай-ақ, дәріске қатысушыларға экологиялық мәдениетті сақтаудың қажеттілігі туралы айтылып, қайта өңделген материалдардан пластикалық бұйымдар жасалатын жабдықтар көрсетілді. Бұған қоса балаларға экологиялық акцияға қатысу үшін экокоиндар жасау ұсынылды. Бұған қоса экосөмкелерді пайдаланудың маңызы және саналы тұтыну дағдысы жазылған шопперлерге сурет салу бойынша шеберлік дәрісі өткізілді.

Оқытушылар мен белсенділер дәрісті ойын түрінде өткізді. Осының арқасында сабақ балаларға қызықты өтті. Инклюзивті оқыту бағдарламасының бір бөлігі ретінде шеберлік дәрісін өткізу мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған экохаб аясында іске асырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама