Түркістанның қоғамдық кеңесінде қандай мәселелер талқыланады

Халық үні

Кеңес «Таза Қазақстан» акциясына бақылау жасайды

Фото: Halyq Uni

Соңғы үш жылда Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінде өңірдегі жемқорлыққа қарсы іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз етуге қатысты 27 мәселе қаралып, 49 ұсыныс берілген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Түркістан облысының Қоғамдық кеңесінде 2022-2024 жылдардың қорытындысына сүйенсек, Қоғамдық кеңестің 35 отырысында 290 мәселе қаралған. Қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиевтың сөзінше, қаралатын мәселенің әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы үшін маңызы зор.

«Биыл азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 240 нормативтік-құқықтық актілер жобалары қаралды. Олардың қатарында  Түркістан облысының және қала, аудан шекараларын өзгерту, азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру, білім, жол, су, ауыл шаруашылық, абаттандыру және әлеуметтік салалар жөніндегі актілер бар. Сондай-ақ,  қоғамдық кеңестің өкілеттіктеріне сәйкес  бюджет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, энергетика, жұмыспен қамту, денсаулық, дін, туризм, цифрландыру, білім салаларының тиісті  мемлекеттік органдар басшыларының есебі тыңдалды, деді ол.

2022-2024 жылдары кеңес отырыстарында тыңдалған 17 мемлекеттік органның есебі бойынша, кеңес мүшелері өз пікірлерін білдірген. Сонымен бірге 172 ұсынымдар қабылдап, тиісті органдарға жолданып, бүгінде мемлекеттік органдар тарапынан орындалу барысы назарға алынған.

Төраға қоғамдық кеңестің мақсаттары мен міндеттерінің  бірі - халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту екенін атап өтті. Аталған кеңестің жанында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын комиссия құрылған.

«Комиссия жұмысының негізгі мақсаты - аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылық мәселелері жөніндегі өтініштерін қарау, жергілікті және атқарушы орган басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытындағы   жұмыстарына қоғамдық тыңдауды жүзеге асыру. Осы тұрғыда жемқорлыққа қарсы іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында соңғы 3 жылда Қоғамдық кеңесте 27 мәселе қаралып, 49 ұсыным берілді. Бюджеттік процеске қатысу арқылы азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекетпен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне, сондай-ақ облыстағы неғұрлым өткір мәселелерді айқындауға байланысты, бюджеттің атқарылуы мәселелеріне ерекше назар аударылады, - деді кеңес төрағасы.

Айта кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қоғамдық кеңестерде іске асырылады. Себебі аталған кеңес халық пен биліктің арасындағы дәнекер болып,  халықтың өкілі ретінде белсене жұмыс істейді. Бүгінде кеңестің жұмысын ел назарына жеткізу мақсатында аудандарда көшпелі отырыстар өткізіліп тұрады.  

«Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысында Қазығұрт, Келес және Сайрам аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды. Ол тыңдауларға тиісті аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудандық бөлім басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғамдық кеңестер туралы заң талаптарына сәйкес кеңес мүшелері басқармалардың конкурстық комиссия мүшесі ретінде қатысуға құқылы. Осыған орай Қоғамдық кеңестің 14 мүшесі облыстық конкурстық комиссиялар құрамына енгізілген,  дейді төраға Жылқышиев.

Сонымен қатар қоғамдық кеңес «Таза Қазақстан» акциясының орындалу барысына бақылау жүргізіп жатыр.  Мәселен, кеңесте стихиялық қоқыстарды анықтау оны жою бойынша және «Қоғамдық эко - бақылау» мониторинг кестелері бекітілген. Осы ретте, қоғамдық кеңес мүшелері әрбір аудан, қала, өздері сайланған аумақтарында тазалық акциясына қатысып жүр.

«Аталған акциялар қасиетті Түркістан қаласынан бастау алып, «Қ.А.Ясауи», «Әзірет Сұлтан», «Рәбия бегім» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық музейлері мен оның айналасында орналасқан мәдени-тарихи ғимараттар, сакралды жерлерде жалғасын тапты. Оған кеңес мүшелері қатысқанын атап өту керек.  Жалпы, кеңес мүшелері өзіне жүктелген міндет пен сенімді біледі әрі оны жауапкершілікпен орындау үшін барын салады», - деді Байділдә Жылқышиев.

Пернебай Сапаров