Дина Таңсәрі қазақстандықтардан көмек сұрады
Алматы полиция департаменті НеМолчи қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің (Смайлова – ред.) үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Дина Таңсәрі жақын арада Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін екенін айтып отыр.
«Мен оны жақын арада болуы мүмкін деп ойлаймын. Себебі Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жұртшылықты жаңылыстырады. Маған Қызылорда облысының прокуратурасы іс қозғады деген. Ал іс жүзінде Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында іс жүргізілгені туралы хабарлады. Бұл біздің азаматтарымызды жаппай азаптайтын және белсенділерге қатысты қылмыстық істерді қолдан жасайтын департамент. Әрі бұл - қаңтардағы оқиғалар үшін жауап бермеген және басшылығын азаматтарды азаптап, атқаны үшін жазаланбаған жалғыз департамент», - деп жазды белсенді.
Оның айтуынша, қылмыстық іс 16 мамырда қозғалып, 27 мамыр күні күдікті деп танылған.
«Алматы полиция департаментінен ешкім менімен бірде-бір рет байланыспады. Бұл дегеніміз, қазір күдіктінің құқығын бұзу. Олар тергеу сотын өткізеді және менің қатысуымсыз «қамауға алу» бұлтартпау шарасын таңдайды, содан кейін экстрадициялайды. Тіпті қазірдің өзінде істелген шығар. Азаматтардың құқықтарын оларға түсіндірмей бұзу Алматы полицейлері үшін қалыпты жағдай», - деп қосты ол.
Қазір НеМолчи қорының директоры қазақстандықтар мен үкіметтік емес ұйымдардан көмек сұрап отыр. Атап айтқанда халықтан ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жолдап, онда Дина Смайлованы негізсіз қудалауды талап етуді сұрап отыр.