×

Елімізде ақын-жазушыларға арналған әдеби тур ұйымдастырылды

Олар бірқатар өңірді аралайды

 Қымбат Елтайқызы 22.08.2024 | 13:09
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі әдеби саланы дамытуға және жас авторларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Сондай жобаның бірі – Алматы облысынан бастау алған жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур, деп мәлімдеді министрлік.

Министрлік жанынан құрылған Alqa жастар клубының мүшелері балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жазушының ауылы Қостөбеге барып, қаламгер оқыған тарихи мектеппен танысты, – деп қосты ведомство.

Сонымен қатар мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазға табан тіреп, ақынның өмірінен сыр шертетін Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейіне барды. Музейдің үш экспозициялық залында ақынның 1200-ден аса экспонаты, жұмыс үстелі мен қолданған заттары және қолжазбалары қойылған. Сапар барысында жас ақындар жыр оқып, әдеби кеш өткізді.

Іс-шара аясында қатысушылар Райымбек батыр ескерткішіне тағзым етіп, Көлсай, Шарын шатқалында болды. Әдеби тур Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай Жетісу облысында жалғасады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама