×

Жетісуда бір ауыл бар - оқушылары интернет іздеп дала кезіп кетеді

Тұрғындар ширек ғасыр ауыл басқарып отырған әкімнің отставкасын талап етіп отыр

 Думан Қырықбаев 09.06.2022 | 15:14
фотолар: Halyq Uni

Жетісу облысына қарасты Ескелді ауданындағы Көкжазық ауылының тұрғындары округ әкімінің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Екі мыңнан астам тұрғыны бар Көкжазық ауылдық округінің әкімі Сағади Талдыбаевтың елді мекенді басқарып отырғанына ширек ғасырға жуық уақыт болған. Жергілікті тұрғындар қанша уақыттан бері қордаланған проблемаларды шеше алмай келе жатқан әкімнің жұмысына көңілі толмай отыр.  Бұл ауылда су мәселесі өзекті. Көкжазықтағы 170 тұрғын үй әлі күнге дейін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Тіршілік нәрін ауыл маңындағы сыздықтап ағатын бастаудан, кейде каналдан тасуға мәжбүр. Бастаудың айналасы да санитарлық талаптарға сай келмейді. Қоқыс шашылып жатады. Бастаудан мал да, адам да су ішіп жүр.

«Бізде ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі толық жүргізілмеген. Мына мектептің төмен жағындағы үйлерде су атымен жоқ. Барлығымыз бастаудан тасимыз. Кейде ол ішуге де, киім жууға да жарамай қалады. Әсіресе, қыста қатты қиналамыз. Жанында мал өліп, өлекеселер жататын кездер болады. Амалсыз сол сумен кірді де жуамыз, ыдыс-аяқты да жуамыз», - дейді Көкжазық ауылының тұрғыны Мейіргүл Хомирзаева.

Жалпы, ауылда шамасы бары орталықтандырылған ауыз су жүйесін тартуды күтіп отырмай, үйді-үйден құдық қаздырып, су шығарып алған. Бірақ, оның өзінде электр қуаты жетіспеуін су сорғылары жиі істен шығады екен.

«Су мәселесін айтып, әкімдікке барсақ, құдық қаздырып, автономды су құбырын тартып алуды айтады. Ал, оған менің шамам жетпейді. Насос қойдырсаң, көп ұзамай күйіп кетеді. Сонда, қолыма тиетін 80 мың теңге зейнетақыға ай сайын насос сатып алуым керек пе?! Ол ақша күнделікті ас-ауқатымыздан артылмайды», - деп ашынуда Татьяна Ширяева есімді тұрғын.

Ауылда электр желілері әбден тозып, ескірген. Күн бұзылса елді мекен түгел жарықсыз қалады екен. Одан қалды, трансформатордың айналасы қоршалмаған. Балалар футбол ойнайтын алаңның дәл жанында орналасқан. Өміріне қауіпті. Көкжазық тұрғыны Наталья Сучкованың айтуынша кейде трансформаторға доп тиіп, жарық өшіп қалатын кездер жиі болады екен.

«Дауыл тұрған күндерді айтпағанда, нөсерлетіп жаңбыр жауса болды, бізде бірден жарықты өшіреді. Сосын қайта жанғанын сарыла тосуға мәжбүрміз. Мәселені айтып, жоғары жақтан сұрасақ, «желілер ескірген, енді, қайтеміз», деп өзімізге дүрсе қоядыҚашанғы осылай көніп жүре береміз?! Көше шамдары жоқ, жанбайды. Балаларымыз үшін алаңдаймыз», - деп отыр Наталья.

Ауылдағы көшелердің жайы да өзекті. Жеңіл көлік иелері шұңқырдан қашқақтап соқтығысып қалып жатады. Тіпті, соңғы бес жылда бес адамды қағып кеткен. Көлік өтетін негізгі көпірдің де жиегіндегі темірлер шайқалып, әрең ұстап тұр. Жан-жағы опырыла бастаған. Күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жолдың сапасыздығынан қаншама адамды көлік қақты. Қайтыс болғандар да бар. Ағаш бұтақтары түсіп, жолдың бойында шашылып жатады. Одан көліктер жан-жаққа қарай қашады. Қайтеді енді, терең шұңқырлардан қашпағанда, қайда барады?! Қашу керек. Сосын абайсызда адамдарды қағып жатады, - дейді Айтбек Маржабаев.

Ауылда ұзақ уақыт әкім болып отырған Сағади Талдыбаев қолынан келгеннің бәрін жасап отырғанын айтып, ақталуға тырысты. Өз тарапынан тек ұсыныс бере алатынын, ал, қаржы бөлуде жоғары жақ шешетінін алға тартты.

«Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ақша бөлінсе, ауыз су мәселесі реттеледі. Ол біздің қолымызда емес. Біз тек бюджетке сұраныс береміз. Ал, жолға келсек, келесі жетіден бастап, ауыл ішіндегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бірінші мәселе. Екіншісі мәселеге тоқталсақ, сөздің шыны керек, ауылдың жаңағы Желтоқсан көшесінен Дом отдыхадағы көшенің жарық шамдары жоқ. Ол жағын енді мойындаймыз. Бірақ, жобалау-сметалық құжаттары жасалып, ауданға сұраныс берілген. Ол да қаржы мәселесіне тікелей байланысты. Егер бөліп берсе, жасатамыз», - дейді ауыл әкімі Сағади Талдыбаев. 

Ауылда интернет мәселесі де үлкен проблема. Оқушылар мен мұғалімдер карантин кезінде төбе-төбені жағалап жүрген. Қазір де балалар интернет іздеп, дала кезіп кетеді екен. Оған ата-аналар алаңдаулы. Себебі, ауыл маңында қарсақтар көбейіп кеткен.

Тұрғындарды қынжылтатын тағы бір мәселе – былтыр 4,5 млн теңгеге жасалған балалар алаңы мен өзендегі өткелдің сапасының төмендігі. Жыл өтпей жатып, ойын алаңы бүліне бастаған. Осы ретте, тұрғындар Сағади Талдыбаевтың жұмысына көңілі толмайтынын айтып, мекенді ширек ғасырға жуық басқарған әкімді бірер жылда зейнетке шығуын тоспай, тезірек ауыстыруды талап етіп отыр.

«Бізге жаңа әкім керек. Мен осында 2009-жылы көшіп келдім. Сол уақыттан бері әкімнің жұмысына еш разы емеспін. Міне, халық шулап жатыр. Шынына келгенде, жұмысын істей алмайды. Жоғары жаққа біздің назымызды жеткізе алмай отыр. Былайша айтқанда, жылы жауып қояды. Уәдені үйіп-төгіп береді де, жылы жаба салады. Бізге мұндай әкімнің еш қажеті жоқ. Сол себепті, ауылға әкімді өзіміз сайлайық», - деп отыр Көкжазық ауылының тұрғыны Ерсін Нұрғали.

Аудандық әкімдіктегілердің берген мәліметіне сүйенсек, ауыл әкімі соңғы рет осыдан екі жыл бұрын сайланған екен. Әлі екі жылы бар. Ал, зейнетке шығуына бес жылдай уақыт қалған.

Жалпы, Көкжазық елді мекенінде қордаланған мәселе аз емес. Ауыл айналасы қоқысқа айналған.

«Бізде тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін орын 10 гектар алқапты алып жатыр. Бірақ, айналасы қоршалмағандықтан, кеңейіп барады. Мал өлексесін тастайтын арнайы жер де жоқ. Барлығын осы жерге әкеп тастайды. Ауыл мен қоқыс полигонының арасы 300 метр. Жел соқса болды, сасық иістің астында қаламыз. Мал өлексесіне арнайы орын белгіленсе деп қаншама рет айттық. Бізді тыңдайтын ешкім болмай тұр», - дейді ауыл азаматы Қанат Матайбаев.

Осы ретте, әкімдіктегілер тұрмыстық қатты қалдықтарды төгуге арналған полигонды қоршау мәселесі шешіліп жатқанын айтты. Яғни, сметалық құжаттарға сәйкес, 9 млн теңге көлемінде бюджеттік қаражатқа тапсырыс берілген. Алайда, ол қашан жасалатынын белгісіз.

Ескелді ауданындағы Көкжазық ауылдық округінің құрамын жалпы 3 ауыл кіреді. Олар – Көкжазық, Теңлік және Бөктерлі ауылдары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама