Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен министрлік алаңында Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Онда ұлттық техникалық регламенттерді, ЕАЭО техникалық регламенттерінің өтпелі ережелерін әзірлеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылына қатысты негізгі мәселелер талқыланды, деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.
Комиссия отырысында пайдалану мерзімі өткен лифтілерді ауыстыру қажеттігі де айтылды. Айта кетейік, 2025 жылдың 15 ақпанына дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер егер паспортта қызмет ету мерзімі туралы ақпарат болмаса, 25 жылдан астам пайдаланылатын лифтілерді ауыстыруы тиіс. Бұл талаптар 2013 жылғы 15 ақпанда күшіне енген КО ТР 011/2011 «Лифтілердің қауіпсіздігі» техникалық регламентінде бекітілген, – деп қосты ведомство.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар лифтілерді ауыстыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл 224 лифтіні, ал келесі жылы 300-ден астамын ауыстыру жоспарланған.
«Лифт қауіпсіздігі» КО техникалық регламентінің нормаларын уақытылы қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар және ТЖМ аумақтық департаменттерімен бірлесіп техникалық реттеу жөніндегі өңірлік штабтар шеңберінде іске асырылатын нақтыланған жоспар-кестені әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жоспар лифтілерді пайдалану бойынша нормативтік қызмет мерзімінен асатын мерзімдер мен талаптарды нақты көрсетуі тиіс.