Енді заң жобасын Мәжіліс қабылдайды

Дастан Жұмабекұлы

Бұл нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді

Фото: gov.kz

Келесі жылдан бастап елімізде заң жобасын қабылдау мен оны мақұлдау тәртібі өзгереді. Яғни, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Парламент Мәжілісі заң жобасын қабылдаса, Сенат оны мақұлдап, Президенттің қол қоюына жібереді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты. Ол референдумда қабылданған Конституция нормалар туралы кеңірек мәлімет берді.

Оның айтуынша, елімізде жаңа заң қабылдау тәртібі енгізіледі. Бұл нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, 61-бапқа сәйкес, Мәжіліс конституциялық заң жобалары мен басқа да заң жобаларын қабылдайтын болады.  

«Мысалы, Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутат мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайтын  болады. Сондай-ақ, Конституциялық сот пен Жоғары аудиторлық палата нормалары Конституцияға өзгерістер енгізілген  заңда қарастырылғандай, Конституциялық сот пен Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін өкілеттіктерін атқарады.  Сондықтан осы органдар  құрылғанға дейін Конституциялық кеңес пен Есеп комитеті өз жұмысын жалғастырады», - деді ведомство өкілі.