×

Тамыз саммитінде кибербуллинг мәселесі талқыланды

Интернеттегі басқа да қауіп-қатерлер сөз болды

 Қымбат Елтайқызы 21.08.2024 | 12:15
фото: Halyq Uni

Бүгін «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» атты педагогтердің республикалық тамыз саммиті аясында «Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы цифрландыру» тақырыбында секциялық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс-шараға ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қоры, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, ІІМ, Мәдениет министрлігі және басқа да бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты, деп мәлімдеді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Кездесу барысында цифрлық ортада балаларды қорғаудың негізгі аспектілері, соның ішінде киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, кибербуллингтің алдын алу және интернетте балалар тап болуы мүмкін басқа да қауіп-қатер мәселелері талқыланды. Мектеп бағдарламаларына цифрлық сауаттылықты енгізу және интернеттегі қауіпсіздік бойынша ұлттық стратегияларды әзірлеу сынды халықаралық тәжірибе мен дағдыларға баса назар аударылды.

​​Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан тақырыптың маңыздылығына тоқталды:

​​Цифрлық технологиялар бізге оқу мен даму үшін керемет мүмкіндіктер беретіні анық. Алайда, олар балалар үшін айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Балаларымыз смартфоннан да ақылды болсын десек, бізге одан да ақылды, заманауи, озық педагогика қажет. Цифрлық ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - бұл барлық тараптың: ата-аналардың, мұғалімдердің, мемлекеттік органдардың және балалардың өздері қатысуын талап ететін кешенді міндет, - деді Еділ Оспан.

Цифрлық орта білім алу үшін орасан зор мүмкіндіктер береді. Бірақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байыпты көзқарасты талап етеді. Комитет білім беру процесінің барлық қатысушысын балаларымыз үшін қауіпсіз цифрлық кеңістікті қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырады.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ЮНИСЕФ-пен бірлесіп 2023 жылы «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» атты зерттеуін өткізген болатын. Нәтижесінде желіні жиі қолданатын балалар үшін бірқатар қауіп-қатер анықталып, цифрлық ортада балаларды қорғауға бағытталған «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру науқаны әзірленіп, іске қосылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама