Заң жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді
Сенат «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Егер президент бұл құжатқа қол қойса, есту қабілеті төмен адамдар сотта ымдау тілі маманының қызметін тегін пайдалана алады.
Сондай-ақ сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдарға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі, - деп жазылған Сенат таратқан хабарламада.
Сонымен қатар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.
Әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау да күшейеді.
«Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуі және оның инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті бюджетке аударатын шығыстарының бір бөлігі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады», - деп жазылған хабарламада.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, заң жобасы бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді.
«Кедергісіз орта қалыптастыруға арналған ережелер де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенаторлар аталған бағытты үнемі назарда ұстап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қарай жалғастыра береді», – деді төраға.