Halyq Uni логотип
×

Биыл қандастардың көбі Қытайдан келді

Осы жылғы статистика жарияланды

 Қымбат Елтайқызы 21.08.2024 | 09:44
Биыл қандастардың көбі Қытайдан келді
фото: Halyq Uni

2024 жылдың басынан бері 10,1 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, 10 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 138,5 мың этникалық қазақ оралды, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (47,5%) Қытайдан, 37% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 5,2%  – Моңғолиядан, 3,2% – Рессейден және 1,3% басқа елдерден, – деп қосты ведомство.

Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,3%-ды және зейнеткерлер 9,7%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,4%-ы жоғары білімді, 23,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 4,2%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, қоныстандыру өңірлеріне 1937 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде, – деді ведомство.

Жыл басынан бері 1755 қандасқа түрлі қолдау шарасы көрсетілді. Атап айтқанда, 479 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылады. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 12 495 өтініш қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама